Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, штабтың міндетті аудан аумағында су тасқынын және одан болатын төтенше жағдайды алдын алу бойынша мәліметтерді жинау, өңдеу кіреді. Оның нәтижелері бойынша қолайсыз жағдайлар туындауы мүмкін қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне ұсынымдар беріледі.
ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев бастаған штабтың жұмыс тобы гидротехникалық құрылыстарды тасқын сулармен толтыруға, олардың өзен арналары арқылы өтуіне мониторинг жүргізеді. Су айдындарындағы су деңгейі көтерілген жағдайда су басу аймағына түсетін аудан әкімдіктері мен халықты дереу хабардар етеді.
Бұдан басқа, штабқа құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін техниканың, авариялық-құтқару жабдығының қажетті санын, құтқару командалары жеке құрамының санын айқындау міндеті жүктелген.
Ағымдағы жылғы 29 наурыздағы жағдай бойынша облыстық ТЖД-да су тасқыны сипатындағы төтенше жағдайды жоюға жеке құрамның 477 адамы, 88 бірлік техника, оның ішінде 12 жүзу құралы, 103 мотопомпа дайын.
Қазіргі уақытта облыста елді мекендерден қар шығару, каналдар мен арық жүйелерін, су өткізу құрылыстарын тазалау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Сонымен бір мезгілде өңірлердің жергілікті атқарушы органдары аумақтық кіші жүйенің күштері мен құралдарын жоғары әзірлікке келтірді.
Ағымдағы жылғы 25 наурыздан бастап облыс Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында облыстық су тасқынына қарсы жедел штаб құрылды. Күн сайын облыстық су тасқынына қарсы штабтың отырыстарын өткізу жүзеге асырылады, онда кезекші ауысымның есептері тыңдалады. Штаб облыстың қалалары мен аудандарының АҚ және ТЖ қызметтерімен өзара байланысқа қойды. Штабта 51-84-46 телефоны жұмыс істейді.