Ағымдағы жылдың 25 сәуірінен бастап Ақмола облысында халықтан заңсыз сақталған тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша республикалық акциясы өтеді. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтарға ақшалай сыйақы қарастырылған. Ерікті тапсыру үшін төлем сомасы қарудың түріне, оның техникалық жағдайына байланысты болады.
Қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады және 25 сәуірден бастап қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне, не өзінің учаскелік инспекторына, не лицензиялық-рұқсат беру жүйесі бөліміне өтініш бере алады. Өтінішке жеке куәліктің көшірмесін, жеке банктік шоттың көшірмесін қоса беру қажет.
Криминалист қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрілер немесе жарылғыш заттар болып танылған, ішкі істер органдарында «криминалдық қару» және «тіркелген қару» ретінде есепте тұрған, қолдан жасалған оқ-дәрілер, тегіс ұңғылы, газды және травматикалық қару патрондарына сыйақы қарастырылмайды.