Көкшетау қаласының «Bolashaq Saraiy» балалар мен жасөспірімдер сарайының қабырғасында білім беру саласының квазимемлекеттік секторының субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін енгізу және дамыту мәселелері бойынша семинар өтті.
Семинар барысында Департаменттің превенция басқармасы басшысының орынбасары Абай Жаналинов сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың заманауи құралы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
Спикердің айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында комплаенс-қызметтердің қызметі мәселелерінде Антикордың үйлестіруші рөлі күшейтілуде. Ағымдағы жылдың 31 наурызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережені бекітті. Ереже комплаенс мамандары үшін күнделікті қажет кітап ретінде қолданылады.
Сондай-ақ, ол бүгін жергілікті атқарушы органдарға ведомстволық бағынысты 283 квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс бойынша мамандар тағайындалғанын атап өтті. Олардың ішінде 175-і — білім беру саласының ұйымдары. 70-тен астам комплаенс-офицерлер оқудан өтіп, тиісті сертификаттар алды.
Семинарда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат пен этиканы зерттеу секторының меңгерушісі Ержан Жаров сөз сөйлеп, парақорлықтың алдын алуға және компанияның корпоративтік мәдениетін арттыруға бағытталған ISO 37001 халықаралық стандартын енгізудің теориялық және практикалық аспектілері туралы айтып берді. Стандарт сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің барлық негізгі элементтерін қамтиды және оларды ұйымның бизнес-процестеріне біріктіру бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулар береді.
ISO 37001 халықаралық стандартын енгізуге дайын екенін білдірген білім беру саласының квазимемлекеттік секторы ұйымдарының бірі облыстық Білім басқармасы жанындағы «Bolashaq Saraiy» ШЖҚ МКК болды.
Ұйым басшылығының ақпараты бойынша, жақында «Bolashaq Saraiy»-нда кәсіпорынның сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқаратын, ұжымның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауын бақылайтын, мүдделер қақтығысын реттейтін, сондай-ақ корпоративтік этикалық құндылықтарды ілгерілететін комплаенс-офицердің штаттық лауазымы құрылды. Енді квазимемлекеттік кәсіпорын өңірдің Антикоры мен АМУ филиалының әдіснамалық қолдауымен ISO 37001 «Парақорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесі» стандартын сәтті енгізу үшін дайындық кезеңінен және сертификаттаудан өтуді жоспарлап отыр.