«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Ақмола облысы білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Хайрушев Жарас өз ұстаздары мен ата-аналарын сүйінші хабармен қуантты.
Жарас ағымдағы оқу жылы АҚШ –тың 6 университетінің ( Widener university — 148000$; Michigan state university — 72000$; Arizona state university — 52000$,Loyola university Chicago — 84000$, Adelphi university — 100000$, George Mason university — 48000$ ) грант иегері атанды.
Сондай-ақ АҚШ-тың және Канаданың 4 университетінен (Pennsylvania state university, University of Illinois Chicago, University of Toronto , University of Ottawa) арнайы шақырту алып отыр.
Жарастың бала күнгі арманы криминалист болу еді. Криминалистика туралы түрлі фильмдер мен көркем әдебиеттер оқып, болашақ мамандығы туралы ізденуді 7-сыныптан бастаған. 2023 жылы лицейдің 11-сыныбында оқып жүріп, «Coursera» сайтындағы Сингапур университетінің «Криминалистика және криминальная психология» курсының тыңдаушысы атанады.
Қазіргі қоғамда қылмыстың өршіп тұрғандығы және оның алдын алу жолдары қандай деген сауал Жарасты бей-жай қалдырмады. Ол осы мәселе төңірегінде үнемі ізденіп, түрлі әдебиеттер оқып, 2022-2023 оқу жылы «How do people get on the path murder and violence» деген тақырыпта адамдардың қылмысқа бару себебі жөнінде ғылыми зерттеу жоба жұмысын жазады.
2021-2022, 2022-2023 оқу жылы Жарас ағылшын тіліндегі республикалық дебат турнирлеріне қатысып, 1-орын иегері атанды. Сондай-ақ ағылышын тіліндегі «World scholars cup» халықаралық олимпиадасына қатысып, 5 алтын, 1 куміс медаль иеленді.
Үздіксіз дайындық пен табандылығының нәтижесінде Жарас IELTS сынағын 7 балға, SAT емтиханын 1200 балға тапсырып, өзі арман еткен криминалист мамандығы бойынша шетелдің белді оқу орындарында заманауи білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл, әрине, оқушы мен ата-анасы үшін үлкен қуаныш және оқушыларын білім шыңдарын бағындыруға талаптандырып отырған «Білім-инновация»лицей-интернатының табысты жеңісі деп білеміз.
Алтын ұя лицейінен қанат қаққалы түрған жас түлегімізге білімнің биік шыңдарын бағындырып, туған еліне аман-есен оралып, Қазақ елі мен халқына адал қызмет ететін білікті маман иесі болуына тілектестік білдіреміз.