Ақмола облыстық сотының судьясы Дана Аусаққызы Мұқашеваны
мерейтоймен құттықтаймыз!
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көздер бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет пен адами тұлға. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар осындай адамгершілік асқақ қасиеттерге ие болған жан, білікті судья, сыйлы әріптес, адал дос, аяулы ана Дана Аусаққызы деп айтуға болады.
Мұқашева Дана Аусаққызы бұрынғы Целиноград облысы Алексеев ауданы Барап ауылында 1961 жылы 11 қарашасында дүниеге келген. 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік жоғарғы оқу орнын заңгер мамандығы бойынша бітіріп, осы мамандық бойынша өмірінің 27 жылында сот саласынды қажырлы еңбек жасап, оның 22 жылын Ақмола облыстық сотында қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы болып, осы сот саласындағы ер азаматтармен иық тіресе жүріп ауыр да күрделі, жауапкершілікті талап ететін қылмыстық процестерді әділ жүргізіп, өзінің қабілеттілігінің жоғары екендігін және ұлтымыздың қайсар қыздарының бар екендігін көрсете білді.
Осы адал еңбегінің арқасында Дана Аусаққызы Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен, «Судьялар одағының құрметті мүшесі» белгісімен, мерекелік медальдармен, көптеген Құрмет грамоталармен марапатталды.
Мұқашева Дана Аусаққызын – асқаралы 60 жасқа толу мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт, қартаймас жайдары көңіл, мәнді де мағыналы өмір, көңіліңіз шаттық пен қуанышқа, жанұяңыз бақ пен берекеге толсын дептілейміз.
Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметі.