Ақмола облысының Есіл ауданында «Рау Агро» ЖШС салынып жатқан құрама жем зауыты мен астық қоймасын желтоқсан айының соңында тапсыру жоспарланған.
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, жобаның құны 648 миллион теңгені құрайды. Нысанның жылдық қуаты 2,5 мың тонна өнімді құрайды.
«Зауыт құрылысы өткен жылдың ақпан айында Есіл қаласында қолға алынды. Құрылыс жұмыстары барысында әкімшілік ғимарат, астық құятын шұңқыр, екі қойма салынды. Зауытта жоғары сұрыпты малы азығы шығарылады. Мал азығы түйіршік және құм тәрізде шығарылады, құрамында ақуыз-дәрумен-минералды қоспасы болады», — деп атап өтті аудан әкімдігіндегілер.
Қазіргі кезде, зауытта он жұмыс орны құрылып отыр. Замануи зауыт компьютер арқылы басқарылады, жоғары тиімді қондырғы орнатылған, астық кептіргіш, элеватор, шикізат пен дайын өнім қоймасы бар.
Айта кетсек, аталмыш жоба Индустрияландыру картасына енген және «Агробизнес-2020» жобасы арқылы жүзеге асырылуда.