Ағымдағы жылдың 14 маусымында Көкшетау қалалық соты ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Көкшетау қалалық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерлан Тастановқа қатысты айыптау үкімін шығарды. Сот үкімімен оған 2 500 000 теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Осы үкіммен Көкшетау қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы – өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы Айнагүл Исмаилова да 2 000 000 теңге көлемінде айыппұлға сотталды.
Тергеу мәліметтері бойынша, Тастанов пен Исмаилова алдын-ала сөз байласып, 2022 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында әкімшілік жауапкершілікке тартылмауы және карантиндік сертификаттарды іс жүзінде тексеруге шықпастан бергені үшін кәсіпкерлік субъектілерінен пара және алдау арқылы заңсыз материалдық сыйақы алған.
Жоғарыда аталған адамдар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдар атқару құқығынан айырылды.
Бұдан бөлек, сот жеке кәсіпкер өкілі Айна Қазенованы пара беру фактісі бойынша кінәлі деп танып, оған 300 000 теңге сомасында айыппұл салды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.