2024 жылы Ақмола облысында 8 миллионға жуық мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Қызметтердің біраз түрі кәсіпкерлік жүргізу үшін ерекше маңызды сипақта ие, олар: құрылыс кезінде рұқсаттар беру, субсидияландыру, жер учаскелерін ресімдеу және тағы басқалары.
Әрине, олардың басым көпшілігін азаматтар қандай да бір проблемасыз өздері жоспарлаған түрде оңайлықпен алып жатады. Дегенмен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне түсіп жатқан қызмет алушылардың арыз-шағымдары көрсеткендей, бір проблемалық жағдайдың өзі әлеуетті аса жоғары инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына қауіп тудыруы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі
№ 602 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту бөлімінде мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделіне көшу мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының клиентке бағдарланған моделін бекітетін құқықтық нормаларды белгілеу арқылы қамтамасыз етілетіндігі, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамада көрсетілген, қызметкерлерге емес, әкімшілік рәсімдерге қойылатын талаптарды айқындау әрекеттері күтілген нәтижелерді бере алмағандығы аталған.
Дегенмен осы уақыттағы заңнамалық актілердегі өзгерістер мемлекеттік органдар үшін клиентке бағдарлану қағидаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, даулы жағдайларда қызмет алушылардың, олардың ішінде кәсіпкерлердің бұзылған құқытарын тиімді қалпына келтіру үшін жағдайлар жасауда.
Мысалға, Департаментке «Зеренді» қожалығы арнайы су пайдалануға рұқсат ала алмау мәселесімен жүгінді. Бұл рұқсат түрі кәсіпкерге асыл тұқымды ешкілерді өсіруге негізделген инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін қажет болған. Алдын ала жер учаскесі белгіленген, барлық құрылыс рәсімдері келісілген жобаның құны бір миллиард теңгені құраған.
Алайда, қожалықтың иесінің айтуынша, жобаның тағдыры сол жерде орналасқан өзенді пайдаланумен тікелей байланысты, бұл жайт туралы барлық мүдделі мекемелер ең басынан хабардар болған.
Бас тартуға сырт көзбен қарағанда оның себебі толығымен заңнамаға сәйкес тәрізді, мұндай шешім қабылдауға су пайдалануға рұқсат сұралған өзен заңнама талаптарына сәйкес зерттелмегені негіз болған.
Бірақ Экологиялық кодексті тереңірек зерделеу барысында осындай су объектілерінде зерттеу жүргізу бассейн инспекцияларының өздеріне жүктелгені анықталды.
Бұл күрделі сұрақты шешуде қабылданғанына көп уақыт өтпеген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің септігі тиді. Онда мемлекеттік органның осындай әрекетсіздігі қызмет алушы үшін ауыртпалық тудырмау тиістігі тікелей белгіленген.
Демек, қызмет беруші өзі орындамаған міндеттердің ауыртпалығын өтініш иесіне жүктей алмайды.
Департаменттің ден қою шараларының нәтижесінде кәсіпкерге сұралған рұқсаты беріліп, жоба жүзеге асырылды.
Немесе басқа мысал, Департамент бұрын ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ауданы 2000 гектар жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзартудан бас тартылған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құқықтарын қалпына келтірді.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, шартты ұзарту ауыл тұрғындары үшін 8 жұмыс орнын сақтап қалуға, сондай-ақ жер учаскесін жалға алған 10 жыл ішінде 1,5 миллиард теңгеден астам кіріс алуға мүмкіндік береді.
Осылайша, 10 жыл ішінде жер учаскесін пайдалану барысында кәсіпорын жалдау шарты бойынша міндеттемелерді адал орындап келген, жалдау ақысын, бюджетке салықтарды уақтылы төлеген, сондай-ақ жерді мақсатына сай пайдаланған.
Алайда, әр түрлі дәлелді себептерге байланысты шаруашылық Бұланды ауданының жергілікті атқарушы органын жаңа мерзімге шарт жасасу ниеті туралы уақтылы хабардар етпеді, бұл жалға алуды ұзартудан бас тартуға негіз болған.
Әкімдіктің бас тартуына шаруа қожалығы Департаментке шағыммен жүгінді.
Жер заңнамасына сәйкес жер пайдаланушы жер қатынастары саласындағы уәкілетті органды жалдау шартын оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін үш ай мерзімде ұзарту ниеті туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
Сонымен қатар, жалдау шартының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін өз міндеттерін тиісінше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалға алушының) басқа адамдар алдында жаңа мерзімге шарт жасасуға басым құқығы болады.
Шағымды қарау барысында шаруа қожалығының шарттық міндеттемелерді тиісінше орындауы, сондай-ақ жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануы әкімдіктің өзімен расталды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз ететіндігі көзделген.
Әкімдіктің шаруа қожалығымен жалдау шартын ұзартудан бас тарту туралы шешімі жалғыз себеппен, яғни өтініш берушінің жалдау шартының жарамдылық мерзімін өткізіп алуы заңның бұл талаптарына сәйкес келмейді, өйткені жергілікті атқарушы орган шағымды қарау кезінде өзіне жүктелген жалдау шартының жағдайларын адал орындап келген қызмет алушыға ауыртпалық тудырады.
Осыған байланысты, бас тартуды Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің мөлшерлестік қағидатына сәйкес емес деп танып, Департамент аудан әкімдігіне өтініш берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім енгізді.
Осыдан қарап, кәсіпкерлік үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Олардың қолжетімділігінің жоғары деңгейі кәсіпкерліктің дамуы үшін қолайлы жағдай жасаса, негізсіз теріс шешімдер керісінше экономикаға инвестициялар тартуға ауыртпалық тудырып, бизнес бастамаларға кедергі жасайды.
Жоғарыда аталған тек екі-ақ мысалдың өзінде заңнамадағы өзгерістерді клиентке бағдарлану тұрғысынан дұрыс пайдалану арқасында кәсіпкерліктің 2,5 миллиард теңгеге заңды мүдделері қорғалды. Жалпы, Департамент 2024 жылдан бастап, 2025 жылдың 1-тоқсанын қоса есептегенде 300-ге жуық қызмет алушы кәсіпкердің 8 миллиардтан астам сомаға құқықтарының сақталуы қамтамасыз етілді.
Бұл құрғақ сандардың артында кәсіпкерлердің жеке мұң-мұқтажы, өзінің ісін дамытуға арналған жоспарының сәтті болуының алғышарттары жатыр.
Заңнамадағы оң өзгерістердегі, мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасындағы мақсаттарға қол жететінімізге сенімдіміз, дегенмен барлық стратегиялық маңызы бар құжаттардың тиімді жүзеге асырылуында әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке рөлінің ерекше маңыздылығы сөзсіз.
Думан Әбілев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы