Таяуда әлеуметтік желілерде Біріккен араб әмірлігінде Дубай қаласында украиналық модель келіншектің басынан кешкен жайы туралы көп ақпараттар жарияланды. Ақшаға қарық боласың деген жарнамаға сеніп Дубайға келген келіншек бай шейхтардың ермегіне айналып, ақырсында өлімші халде қала сыртынан табылған. Бұл оқиғаның басқа кезде емес, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айында орын алғандығы ақшаға құныққан арабтардың имандылығының қаншалықты деңгейде екендігін көрсетіп бергендей.
Адамзат дамуының үш ұстыны
Егер адамзаттың өткен тарихына назар аударып қарайтын болсаңыз, қоғамның дамуына серпін беретін негізгі үш ұстынның барлығын және олар түгел болғанда ғана даму толымды болатынын бағамдайсыз. Ол үш ұстын: ғылым, дін және ұлттық салт-дәстүр. Осы үшеуін қатар ұстанған қоғам дамиды, ал олардың біреуі болмаса, қоғам мүгедек күйге түседі.
Негізі қаланғанына мың жарым жылдан асқан ислам діні алғашқы кезеңде осы үш ұстынның үшеуін де берік ұстанған. Пиреней түбегінен қытайға дейінгі алып аумақты алып жатқан ислам халифаты адамзат дамуына үлкен серпін берді. Алгебра пәнінің негізін қалаған Әл Жәбір, медицинаның дамуына сүбелі үлес қосқан Ибн Сина, екінші ұстаз атанған Әл Фараби, жердің диаметрін тұңғыш рет өлшеген Әбурайхан Беруни сияқты адамзат тарихында өшпес із қалдырған ғалым ғұламалардың бәрі сол тұста шықты.
Дегенмен де, уақыт өте келе ислам діні ұлттық салт-дәстүр мен ғылымнан алыстап, жалаң дін ғана қалды. Дамуға серпін беретін үш ұстынның екеуі жоғалған соң-ақ ислам әлемі өзге дүниеден оқшауланып, экономикасы, мәдениеті мен өнері кері кеткен мешеу қоғамға айналды. Пайғамбар қайтыс болған соң іле-шала сүннит-шиит болып екіге бөлінген ислам дінінде кейін келе көптеген ағымдар шықты. Осының салдарынан ислам діні алғашқы тазалығынан айрылып, қазір мүлдем бұрмаланып кетті. Бүгінгі ислам мен пайғамбар заманындағы исламның аспан мен жердей үлкен айырмасы бар. Қазіргі ислам шын мәнінде арабтардың ақша табуға арналған құралы болып қалды.
Арабтарға дінді тарату не үшін қажет?
Ислам діні таралған Суд Арабиясы ресми емес мәліметтерге сенсек, түрлі діни шаралардан жылына 400 млрд доллардан астам ақша табады екен. Ол қыруар ақша қайдан келіп жатыр? Исламның бес пырызының бірі саналатын Құрбан айты кезіндегі қажылық уақытында Меккеде 1 млн-нан астам қой сойылып, құрбандыққа шалынады. Қажылыққа келетін мұсылмандардың легі жыл он екі ай бойы үзілмейді. Қасиетті Мекке мен Мәдинені көру үшін келетіндер қаншама. Олардың бәрі мешіттерге садақа ретінде ақшаларын қаптап беріп кетіп жатады. Әлеуметтік желіде Меккедегі мешіттердің біріндегі садақа жәшіктерінен жиналған ақшаны санау барысы көрсетілген видео таралды. Ақша деген еденде тау-тау болып үйіліп жатыр. Отырып алған адамдар сол үйілген ақшаны санап, қаптарға салуда.
Әлем елдерінде сеператистік ағым деп танылған уәхабизм Сауд Арабиясында ресми дін болып саналады. Яғни, бұл ел уәхабизмді ұстанады. Осының ықпалы болар, уәхабизм жылдан жылға әлемге кең таралуда. Қазақстанда да шоқшитып сақал қойып, қысқа шалбар киетіндер қатары жылдан жылға өсіп келеді.
Кәсіпкер, өзін өзі дамытудың сарапшысы Бақытбек Нұрсила айтады: өзге елдерге бір де бір аурухана, мектеп салмайтын, не басқа көмек көрсетпейтін саудиялық арабтар Қазақстанға милиардтаған ақшаға тегін мешіттерді топырлатып салып беруде. Неге десеңіз, олар осы арқылы ислам дінін халыққа таратып жатыр, ал дінді сұтанушылар көбейсе, оларға түсетін ақша да көбейеді. Яғни, бұл саудиялықтар үшін ақша табудың көзі.
Араб елдерінде діни оқу орындарында тегін оқып келген қазақ жастары сәләфи, уәхаби сияқты теріс ағымдардың ықпалына түсіп, өздері түскендерімен қоймай, айналасындағыларға уағыз айтып, теріс ағымдарды таратып жатыр. Осының салдарынан сақал қойған сәләфиттер мен қара паранжы жамылған қыз-келіншектер қатары жыл санап өсуде.
Арабтар ақпараттық құралдар мен әлеуметтік желілерді де өз діндерін тарату үшін өте шебер пайдаланады. Оқырманы көп бір қазақстандық блогер келіншек хиджаб киіп видео түсіргені үшін әлдекімдердің қомақты ақша төлегенін айтты. Өздерін ұстазбыз деп атайтын сақал қойған біреулер дін туралы уағыздар айтып, интернет арқылы таратуда. Ал кезінде елімізде Мұхамеджан Тазабеков басқарған “Асыл арна” деген телеарна күндіз-түні сәләфизмді насихаттағандығы есімізде. Міне, сондай уағызшылардың белсенді жұмысының арқасында елімізде теріс ағымды ұстанушылар қатары жыл санап өсіп барады. Оның қаншалықты қатерлі екендігін айғақтайтын жайлар да аз болған жоқ. Ақтөбеде аңшылық қару дүкенін басып алып, одан әскери нысанға шабуыл жасаған сәләфит сеператистердің бүлігі туралы кезінде ақпарат құралдары жарысып жазды. Ал 8 адамды атып өлтірген атқыш сәләфит Күлікбаевтың әрекеті де сол кезде қалың жұртты дүрліктірген еді.
Құранның тазалығы туралы
Бүгінгі мұсылмандардың арасында христиандардың Інжілі, иудейлердің Тәураты бұрмаланып кеткен, тек Құран ғана таза деген көзқарас бар. Бұл қаншалықты ақиқат?
Христиандардың Інжілін Иса пайғамбарды көзімен көрген немесе сол кезеңде өмір сүрген ізбасарлары жазды. Інжіл негізінен Иса пайғамбар айтқан мысал әңгімелерден құралады. Қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан қосынды өзгермейді дегендей, мысал әңгімені әркім әртүрлі айтқанымен, мазмұны бір болып қалады. Сондықтан, мұсылмандар тарапынан айтылып жүрген Інжіл көп көшірілген, сондықтан көп бұрмаланған деген сөз оншалықты қисынды емес.
Құран қалай жазылған? Құранда Мұхаммед пайғамбардың хат танымайтын сауатсыз болғандығын айтқан аяттар бар. Ол заманда арабтарда жазба әдебиеті соншалықты кең тарамаған еді. Соған орай, пайғамбарға уәхи түрінде түсірілген Құран аяттары оның айналасындағылардың айтуымен ауызша сақталды. Құранның хатталып, жазылуы пайғамбар қайтыс болан соң бір ғасырдан астам уақыт өткенде ғана жүзеге асырылды. Осыған орай алғашқы кездегі екі жүздей аят хатқа түсірілген Құранға енбей қалған.
Құран бірден хатқа түсірілді және бір әрпі де бұрмаланбай сақталды деген оншалықты қисынды емес. Құран талай мәрте көшірілген және соған орай кейбір аяттардың түсіп қалу жағдайлар орын алған. Осы жайлардан ұғарымыз: Құран да Інжіл, Тәурат сияқты алғашқы кездегі тазалығын 100 пайыз сақтаған жоқ.
Ғылымсыз дін — соқыр
Адамзаттың данышпаны атанған Альберт Эйнштейн кезінде “Ғылымсыз дін — соқыр, ал дінсіз ғылым — ақсақ” деген екен. Осыны айғақтайтын жайларды өмірден қай-қайсымыз да көріп, куәсі болып жүреміз. Мәселен, халқының 90 пайызы дінсіз атеистік көзқарасты ұстанатын Жапонияны алып қараңыз. 120 миллион халқы бар табиғат байлығы жоқ, жер көлемі аз бұл ел әлемдегі ең озық он мемлекеттің санатында. Неге десеңіз, жапондар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен ғылымды қатаң ұстанады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, адамзат дамуына серпін беретін үш ұстын болса, соның екеуін ұстанатын жапондар жалғыз дінді ұстап қалған мұсылмандардан көш ілгері дамып кетті.
Діннен аулақ Оңтүстік Корея, христиан дінін жасанды түрде ұстанатын Швейцария, Дания, Германия сияқты елдердегі халықтың тұрмыс жағдайы мен құқықтық жайы ислам дінін ресми түрде ұстанатын Иран, Ауғанстан, Ирак, Египет сияқты елдерден әлдеқайда жоғары. Жапонияға барып келгендердің айтуынша, бұл елде қылмыс деңгейі өте төмен. Тәуліктің кез-келген сәтінде емін-еркін көшеде жүре аласыз, ал бір қымбат затыңызды жоғалтып алсаңыз, оны полиция бөлімінен барып табуыңызға болады.
Бүгінде Батыс елдерінде сатушысыз дүкендер өте көп. Дүкенге кіресіз де қалаған затыңызды алып, ақшасын жәшікке салып кете бересіз. Онда сатушы да, бақылау камерасы да жоқ. Ал бұндай жағдайды ислам дінін ресми дін ретінде ұстанатын мемлекеттерден кездестіре алмайсыз. Керісінше, ислам елдерінде қылмыс деңгейі атеистік ұстанымды ұстанатын Жапония мен Оңтүстік Кореядан, Батыс елдерінен әлдеқайда жоғары.
Ұлттық дәстүр мен ғылымнан қол үзген бүгінгі ислам елдері қай жағынан алсаңыз да дамуда артта қалып отыр. Мұнайдың арқасында байыған Сауд Арабиясы, Біріккен араб әмірлігі, Катар сияқты елдердегі халықтың тұрмыс жағдайының жоғары екендігі рас, дегенмен де бұл елдер ешқандай да жаңа технология жасап, нақты өнім шығарумен айналыспайды. Олар белсенді емес тұтынушылар, яғни басқалар ойлап шығарған, жасаған технолгияны пайдаланушы болып отыр.
Діндарлар тарапынан қандай қатер бар?
Кезінде зайырлы мемлекет болған Иранның экономикасы, халықтың тұрмысы жоғары болғандығын тарихи деректер айғақтайды. Ал шах билігін кетіріп, бұл ел ислам мемлекеті болған соң барлық жағынан кері кетті. Халықтың тұрмысы өте нашар. Ұзақ жылғы санкциялардың салдарынан экономикасы мешеулеп артта қалды. Құранда мұсылманды мұсылманның өлтіруі кешірілмес ауыр күнә екендігі анық жазылса да, Иран өздері сияқты мұсылман дінін ұстанатын Иракпен соғысып, көп адамды қанды қырғынға ұшыратты. Сондай-ақ, бұл мемлекет көптеген лаңкестік ұйымдарға қамқоршы болып, соларды қаржыландырады.
Зайырлы ел болып тұрғанда жақсы дамып келе жатқан Ауғанстан да ислам мемлекетіне айналған соң экономикалық жағынан тұралап қалды. Өзара қырқыс соғыстардан көз ашпайтын бұл елде мұсылманды мұсылманның өлтіруі еш таңғаларлық нәрсе емес. Осы арада мына жайға назар аударып қараңыз: Сауд Арабиясы, Біріккен араб әмірлігі сияқты мұнайдың арқасында байлыққа белшеден батқан елдер ашқұрсақ тірлік кешетін мұсылман арабтарға еш көмек бермейді. Оны айтасыз, өз елінде өмір сүруге мүмкін болмай, шетел асуға мәжбүр болған сириялық, ливандық арабтарды олар өз елдеріне мүлдем кіргізбейді. Керісінше босқын арабтар христиан дінін ұстанатын Батыс елдерінен пана тауып, сол елдерде жандарын бағып жүр.
Небары 8 млн халқы бар Израиль қалың араб мұсылмандардың ортасында отырып, олардың зар қақтыруда. Бастары бірікпей, әрқайссы қара бастарын ойлап кеткен араб мұсылмандары жерінен айрылып, қаңғып қалған палестиналықтарға қол ұшын созып, көмек бермейді. Оны айтасыз, өткен жылы Израиль Палестина аумағын атқылағанда жандары қысылып бассауғалаған арабтарды Египет мемлекеті шекарадан өткізбей, кіргізбеді. Міне, мұсылмандардың бір-біріне деген “бауырмалдығы” осындай.
Осы жайларға қарап, елімізде жыл санап қатары қалыңдап және қазақ елінде халифат құрамыз деп желпініп жүрген сақалдылардың тарапынан қаншалықты қатер барлығын аңғару қиын емес. Құдай бетін аулақ қылсын, егер олар қолдарына қару алып, билікті басып алар болса, еліміз Ауғанстан, Иран сияқты адам құқығы мүлдем жоқ мешеу мемлекетке айналары анық. Осы жайды ескерсе керек, көрші қырғыз, өзбек бауырлар бүгінде ислам дінін ұстанушыларға қарсы қатаң күресті бастады. Сақал қою, паранжы жамылуға тиым салынуда. Біздің елімізге де теріс ағымды ұстанушыларды ауыздықтайтын заң қабылдау қажет.
Абыз ақсақалымыз, классик жазушы Мұхтар Мағауин “елімізде ислам дінін ұстанушылар көбейді деп қуанып едік, сөйтсек, олардан келер пайда емес, залал көп екен” деген еді. Пайғамбар заманындағы ислам дінін адам танығысыз деңгейге жеткізіп, бұрмалаған қазіргі фанатизм деген дертпен ауыратын мұсылмандардан келер қатер өте жоғары. Сондықтан адамзат үшін қатерлі бұл дертке қарсы күреске мемлекеттік деңгейде назар аудармасақ, ертең кеш қалуымыз мүмкін.
Қалкөз Жүсіп.