Бүгін халықтың бай қазынасы – ән жанрына өзіндік өшпес өрнегімен мәңгілік із қалдырған, махаббатқа, сүйіспеншілікке толы әсем сазды сыршыл әндердің авторы, аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушы Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын насихаттау, келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған «Ән аға-Шәмші аға» облыстық ән байқауының гала-концерті өтті.
Сырлы әнмен қазақ халқының бітім-болмысын, шынайы бейнесін сипаттап, ән әлемінде айрықша орнын қалдырған ұлы композитор атын ұлықтайтын дәстүрлі өнер додасына Ақмола облысының Ақкөл, Аршалы, Жарқайың, Зеренді, Егіндікөл, Бұланды, Атбасар, Қорғалжын, Бурабай, Шортанды, Целиноград аудандары мен Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларынан келген 20 өнерпаз қатысты.
Айта кетейік, қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әндері бар. Биылғы байқаудың ерекшелігі – ұлы композитордың орындаушысын таппай, орындалмай жүрген әндері жарыққа шығарылып, көрерменге жол тартты.
Сахнадан шырқалған әндердің қатарында «Отырардағы той», «Сыр сұлуы», «Әнім сен едің», «Сүйген болсаң сағынарсың», «Сағынышым менің», «Ақ маңдайлым», «Шынарым», «Сыған серенадасы», «Кешікпей келем деп ең», «Өмір өзен», «Бақыт құшағында» сынды әндері де бар.
Мерекелік кештің қонақтары – Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары Нұрлан Әміров пен Арайлым Баярлина өнер көрсетті.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қазақтың ән өнерінде есімі ерекше сақталар бір туар сазгердің төл мерекесі жоғары дәрежеде өткенін ерекше атады.
Өнер бәйгесінде талантымен дараланған байқау жеңімпаздары келесідей анықталды:
Бас жүлде — Айдар Байдилдин (Шортанды ауданы);
1 орын — Мағауия Қуатбаев (Степногорск қаласы);
2 орын — Ақтоты Әбдірахман (Краснояр ауылы);
3 орын — Өмірзақ Құрбанов (Бурабай ауданы).
Барлық қатысушылар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Өнерсүйер қауым бүкіл елде Шәмшінің әні әуелегендей ерекше сезімде тарқасты.