Көкшетау қаласының Көктем шағынауданында Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин көшесінің сұрқын бұзып тұрған «тауық қорасынан» қашан құтыламыз? Бұл туралы редакциямызға қала тұрғыны хабарласып, жергілікті әкімдікке деген өкпе назын жеткізді, деп хабарлайды Koksheinform.kz.
Тұрғынның айтуынша, «Аida» дүкенін сол маңда тұратын адамдар «тауық қорасы» деп атайды екен. Расымен де жаңа шағын ауданда, зәулім ғимараттардың алдындағы күре жолдың бойында, велосипед жолының үстінде орналасқан дүкенді анадайдан «тауық қорасы» ма деп қаласын.
«Заңы жоқ, тәртібі жоқ, мәдениеті жоқ бір шет елде тұрып жатқандаймыз. Жолдың ортасында төрт бұрышты жәшік сияқты бірдемені қойған, бірде ашық, бірде жабық тұрады. Азық-түлік сатады ма, әлде басқа бірдеме сатады ма, бір Алла біледі. Көрген адамға «Аida» деген атауының өзі түсініксіз жазылған. Жемістің суретін көріп, «ее, дүкен бе?» деп ойласын. Сыртында «SHOP» деген ағылшынша жазудан басқа ештеме жоқ, мемлекеттік тілде де, ресми тілде де мүлдем атауы көрсетілмеген. Қай күндері жұмыс істейтіндігі, нешеде ашылып, нешеде жабылатыны ол да жоқ. Кейбір дүкендерде өрт қауіпсіздігі инспекторы мен учаскелік полиция инспекторының телефондары тұрушы еді. Мұнда оны да көрмейсін. Санитарлық тазалығын да тексеріп жатқан мемлекеттік орган жоқ. Аңда санда дүкеннің сыртында егеуқұйрық қуып жүрген балаларды көресін. Еліміздің көптеген қалаларында заңсыз салынған зәулім ғимараттарды әкімдік жермен жексен етіп, сырып жатыр. Ал, біздегілер болса, мына «тауық қорасының» маңына мүлдем жолай алмайды. Сонда бір дөкей иесі немесе бір киесі бар ма деп ойлайсын. Егер заңды түрде салған болса, онда жолдың ортасына салуға рұқсат қай заңда қарастырылған екен?! Осыны қала басшылығы білмейді, көрмейді емес, көріп те, біліп те жүр. Бірақ бір әрекет жасамай отырғаны жаныңа қатты батады», — деп ренішін жеткізді қала тұрғыны Алмас Бейсенбаев.
Оқырман хатын міндетті түрде қала әкімдігіне жолдаймыз. Әкімдік жауабын алдағы уақытта сайтымыздан оқи аласыздар.